Алматыда Zarina Altynbayeva Youth Music Competition (ZAYMC 2025) — жас музыканттардың V Халықаралық академиялық байқауы өтті

5–9 қараша аралығында Алматы қаласында Zarina Altynbayeva Youth Music Competition (ZAYMC 2025) — жас музыканттардың V Халықаралық академиялық байқауының финалы өтті. Байқау жас таланттарды қолдауға, олардың кәсіби деңгейін арттыруға және халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайтуға бағытталған беделді жоба болып табылады.

Биылғы жылдың тақырыбы — «Түркі әлемі халықтарының және композиторларының музыкасы», ол мәдени дәстүрлердің сабақтастығы мен бірлігін бейнелейді. Жобаның негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі — Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі Зарина Әнуарқызы Алтынбаева.

«Бұл – біздің бесінші мерейтойлық жылымыз және мен жас музыканттардың жоғары деңгейіне ерекше қуаныштымын. Халықаралық қазылар алқасының мүшелері де қатысушылардың өнеріне тәнті болды. Байқаудың маңызы зор — ол түркі халықтарын біріктіреді. Биыл «Түркі композиторының ең үздік орындауы» номинациясы енгізіліп, «Түркі әлемінің антологиясы» атты жинақ жарық көрді. Биыл байқау алғаш рет халықаралық мәртебеге ие болды. 150-ден астам өтінімнің ішінен 44 қатысушы финалға өтті. Барлығы сәтті өткеніне және байқауды бесінші рет өткізу мүмкіндігіне ие болғанымызға Аллаға шүкір етемін», — деп бөлісті Зарина Алтынбаева.


Халықаралық қазылар алқасының құрамына Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның көрнекті академиялық өнер қайраткерлері енді. Байқау қорытындысында барлық номинациялар мен жас санаттары бойынша үздік қатысушылар анықталды. Негізгі жүлделермен қатар, арнайы сыйлықтар: «Түркі әлемі шығармасын үздік орындау», Бибігүл Төлегенова, Марат Бисенғалиев және Гүлсін Оңай атындағы сыйлықтар тағайындалды.

Байқау аясында қазылар алқасы мүшелерінің шеберлік сабақтары, Q&A сессиялары және ашық дәрістері өткізілді.

Байқау 9 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өткен гала-концертпен және марапаттау рәсімімен аяқталды. Гала-концерт бағдарламасында түркі әлемі композиторларының туындылары, сондай-ақ әлемдік классика шығармалары орындалды.

Байқау қорытындысы
Байқаудың негізгі кезеңі аяқталып, барлық номинациялар мен жас санаттары бойынша лауреаттар мен диплом иегерлері анықталды. Көрермен қауымның ерекше қызығушылығын тудырған арнайы сыйлықтар да өз иегерлеріне табысталды. Толық тізіммен конкурстың ресми сайтында жарияланған https://ru.zaymc.kz/zaymc2025results.

Ең жоғары марапат — ГРАН-ПРИ ішекті аспаптар номинациясы бойынша Айлана Ермекбаеваға (Астана) берілді.

Нәтижелер:
«Фортепиано» номинациясы, кіші және үлкен жас санаттары: I орын – Іңкәр Нұрсұлтан (Алматы), Ксения Шегай (Чирчик, Өзбекстан);
Академиялық вокал: I орын – Бексұлтан Төлеусары (Ақтөбе);
Ішекті аспаптар: I орын – Алим Құрманалинов (Алматы) және Стефания Мохначева (Астана).

Ұйымдастыру комитеті серіктестерге, ұстаздарға, концертмейстерлерге, еріктілерге және байқаудың өткізілуіне қолдау көрсеткен барлық жандарға шынайы алғысын білдіреді. Айрықша алғыс — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына ұзақ жылғы ынтымақтастығы мен ұйымдастыру ісіндегі жоғары кәсіби деңгейі үшін білдіріледі.